Қазақстандық компаниялардың қызметкерлері 700 ағашты құтқарды
«Қазақстанда «Жасыл кеңсе« экологиялық жобасының қорытындысы таныстырылды. Оның мақсаты - ұйымдардың «көміртек ізін« төмендету, ресурстарды пайдалануды қысқарту, сонымен қатар қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін экомәдениетке үйрету. Жобаға меншік нысанына және қызметкерлерінің санына қарамастан отандық компаниялар тартылды. Олардың қатарына 10 қызметкері бар шағын ұйымдармен қатар бірнеше мың қызметкер жұмыс істейтін ірі банктер де болды», - деп атап өтеді қауымдастықтан.
Жобаның өзі бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады. Ең алдымен кеңселерде қалдықтарды - қағаздарды, шыныны, пластик пен металды бөліп жинауға арналған экожәшіктер орнатылады. Содан кейін қызметкерлерге қалдықтарды одан ары өңдеу үшін сұрыптау ережесі оқытылып, үнемі кеңес беріліп отырады. Сұрыптау дағдыға айналғаннан кейін бизнеске қалдықтар санын азайту және ресурстарды үнемдеу бойынша дайын шешімдер ұсынылады.
«Барлық құжат айналымы электронды форматқа көшіріледі. Кез келген таныстырылымдар, қызметтік жазбалар, келісулер тек электронды түрде жүргізіледі. Бұл карантин уақытында өте ыңғайлы болды. Сонымен қатар кеңселерде жарықты, суды және жылуды үнемдеуге арналған технологиялар енгізіледі. Бір реттік ыдыс-аяқтарды пайдаланудан корпоративтік бас тарту қолға алынады. Өйткені, олар экологиямен қатар адамның денсаулығы үшін де зиянды. Қызметкерлер ауаға зиянды шығарындыларды азайту үшін жеке көліктерімен жүруін қысқартады. Бұған қоса, әрбір кеңсе ай сайын қанша ресурс үнемдегендігін есептеп, көрсеткіштерін жақсарта түсуге ұмтылады», - деді «Жасыл кеңсе» жобасының бастамашысы Евгений Мұхамеджанов.
«Жасыл кеңсе» жобасы бір жылдың ішінде 700 ағашты оталуынан қорғап қалып, 1,4 млн литр су, 69 кВт электр энергиясын үнемдеп, 118 мың келі көмір қышқыл газының шығарылуын қысқартқан. Бүгінде жобаға еліміздің 85 компаниясы мен оларда жұмыс істейтін 18 мың қызметкер қатысады. Олардың қатарында ұялы байланыс операторлары, банктер, қаржы ұйымдары, сауда орталықтары, мейрамханалар мен қоғамдық тамақтану орындары бар. Таяуда ғана Нұр-Сұлтан қаласының халықаралық әуежайы да «Жасыл кеңсе» жобасына қосылды.