Қазақстандық конькиші Бабенко Азияның 3 дүркін чемпионы атанды
АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстан құрамасының үздік спортшысы Дмитрий Бабенко Жапонияның Томакомай қаласында өткен сында классикалық коньки тебу жарысынан Азияның 3 дүркін чемпионы атағына ие болды, деп хабарлады Vesti.kz тілшісі.
Еліміздің жетекші стайері 1500, 5 000 және 10 000 метр қашықтықты бағындырып, жеңіске жетті. Сонымен бірге наурыз айында голландиялық Херенвен қаласында өтетін классикалық көпсайыстан әлем чемпионатына аймақтық іріктеуде бірінші орынды иеленді.
Айта кетейік, Жапониядағы турнирде 1500, 5000 және 10000 метр қашықтықты бағындыруда үздік нәтижеге қол жеткізген Бабенко Сочи қаласындағы Олимпиадада да осындай үш қашықтықта бағын сынайды.
Естеріңізге сала кетейік, Сочи қаласындағы Олимпиада ойындары 7 және 23 ақпан аралығында өтеді. Конькишілер арасында 12 медаль жиынтығы ойнатылады.