Қазақстандық корабльдер теңіз биатлонына қатысу үшін жолға шықты - ҚР ҚМ (ФОТО)
«Орал» және «Сарыарқа» екі зымыран-артиллериялық кораблі «Каспий теңізі - 2015» бірінші халықаралық байқауға қатысу үшін тікелей Каспийдің ресей су айдындарына жүзетін болады. Жолға шыққан жауынгерлік корабльдердің экипаждары, 24 шілдеде Махачкала қаласының портында Каспийдің ресей жағалауларында болады. «Біз байқауға ұзақ дайындалдық. Біз үшін ол тың дүние, іс жүзінде мүмкіндіктерімізді сынап, қосымша практикалық тәжірибе жинақтаймыз» - дейді «Сарыарқа» кораблінің командирі капитан-лейтенант Рустам Жүнісов.
«Каспий теңізі - 2015» халықаралық байқауы каспий маңы елдері әскери-теңіз күштерінің алғашқы сайысы. Ол 1 тамызда бастау алып, 15 тамызда аяқталады. Теңіз биатлонында елімізді «Орал» және «Сарырқа» отандық зымыран-артиллериялық корабльдерінің экипаждары, сондай-ақ теңіз жаяу әскерінің бригадасы ұсынатын болады. Теңіз биатлоны үш кезеңнен тұрады. Біріншісі - «Каспийлік құнан жарысы». Мұнда теңіз жаяу әскері бөлімшелерінің әскери қызметшілеріне берілген бағдарды барынша жылдам өту, теңізде және жағалауда нысаналарды сәтті жою қажет. «Каспий кубогы» атты екінші кезеңге төрт елдің суүсті корабльдерінің экипаждары қатысады. Олар берілген бағдар бойынша шеңберді айналады, шағын өлшемді теңіз және әуе нысаналарын, жүзбелі миналарды жою бойынша жауынгерлік жаттығуларды орындайды. Кейіннен корабльді зәкір тұрағына көшіруді, зәкірге қоюды, өрнектеу жалауларын қолдана отырып, белгілерді қабылдау-таратуды жүзеге асырады. Содан кейін экипаждарға корабльдің «апатқа төзу» координаталары беріледі. Қатысушыларға оқиға орнына келу, жолаушыларды құтқару және бортқа көтеруді жүргізу қажет етіледі. Үшінші кезең - «Спорттық». Әскери қызметшілердің дене даярлығын айқындауға бағытталған. Теңіз жаяу әскері бөлімшелері мен суүсті корабльдері экипаждарының жеке құрамына 100 метрге еркін стильде жүзу, гір спортында сайысу, бөлімше құрамында 5 шақырымға жүгіру, арқан тарту секілді нормативтерді тапсыру қажет. Барлық үш кезең нәтижелері бойынша үздіктер медальдармен марапатталады, жеңімпаздар командалық сынақта бірінші орын кубогын алатын болады.