Қазақстандық қос дзюдошы «Grand Slam»-де медальдар ұтып алды
АСТАНА. ҚазАқпарат- Қазақстандық қос дзюдошы Парижде өтіп жатқан әлемдік «Grand Slam» жарысының жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан дзюдо федерациясынан мәлім еткендей, ел құрамасының қоржынына Галбадрах Отгонцэцэг 48 келіге дейінгі салмақта алғашқы жүлдені салды.
Ол жарыстың жұбаныш финалында моңғолиялық Ганбаатар Наранцэцэгті жеңіп, қола жүлдегер атанды.
Ерлер арасында Елдос Сметов 60 келіге дейін салмақта күміс жүлдеге ие болды. Ол финалда жапониялық әлем чемпионы Ноахисо Такатомен кездесіп, вазари ұпайымен есе жіберді.
Париждегі «Grand Slam» жарысы 10 ақпанда мәреге жетеді.