Қазақстандық Құралай Мейрамбек «Витебск-2011» Халықаралық балалар байқауында қазылар алқасының көзіне жас ұялатты

АСТАНА-МИНСК. 15 шілде. ҚазАқпарат - "Витебск-2011" ІХ Халықаралық балалар байқауының жеңімпаздары анықталды.

Қазақстандық Құралай Мейрамбек «Витебск-2011» Халықаралық балалар байқауында қазылар алқасының көзіне жас ұялатты

БЕЛТА агенттігі хабарлағандай, байқаудың Бас жүлдесін Румыниядан келген Ралука есімді 10 жасар қыз алды. Қазылар алқасының төрағасы Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Сергей Шустицкийдің қолынан жұлдызды жүлдесін алған кішкентай қыз жылап жіберген.

Салтанатты марапаттау рәсімінде І жүлдеге ие болған Қазақстанның жас әншісі Құралай Мейрамбек көрермендердің ең ыстық ықыласына ие болды. Оның ән орындау шеберлігін жоғары бағалаған Сергей Шустицкий байқаудың екінші күні Құралайдың шын жүректен шырқаған әні қазылар алқасы мүшелерінің көзіне жас ұялатқанын мойындады.