Қазақстандық құсбегілер Азия біріншілігінде топ жарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қансонардың қадірін білетін қазаққа құсбегі сөзі де таңсық емес. Сол қыран құстарды баптайтын кіл мықтылар Алматыда бас қосты. 

Қазақстандық құсбегілер Азия біріншілігінде топ жарды

Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған Азия біріншілігіне еліміздің бірнеше облысынан 70-ке жуық және әлемнің әр бұрышынан 20-дан аса құсбегі келіпті. Бұл жарыстың негізгі мақсаты - ата кәсібімізді халықаралық деңгейге шығарып, оны спорт ретінде дамыту.

«Ең маңызды дүниенің бірі - бұл біздің өнеріміздің насихаты. Және Қазақстанның өзіндік бір ерекшелігі бар, бұл құсбегілікті спорт ретінде де дамытып отыр. Және құсбегілік жарысының жеңімпаздарына Азия чемпионы және халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы беріледі», - дейді Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай.

Жарыс негізінен үш санатта өтті. Яғни, Бүркіт пен Қаршыға және Ителгі баптаған құсбегілер арасынан үздіктер анықталды. «Қыран құстардың ішіндегі ең алыбы бүркіт десек, оны баптау да оңай емес», - дейді Моңғолиядан келген қандасымыз Сайлаухан Зәкәрияұлы.

«Бүркітті ең алдымен қолға ет ұстап, шақыруға саламыз. Одан кейін шырға деген бар. Түлкі, қоян болса соны сүйреп шырғаға саламыз. Одан кейін аңға саламыз. Сөйтіп баптаймыз. Бүркіттің бабы өте қиын. Ат сияқты жаратамыз. Бабы келгенде, ол қандай аңды болсын алады», - дейді Сайлаухан Зәкәрияұлы.

Азия чемпионатының қорытындысы бойынша қаршығада қазақтардың алдына ешкім түсе алмады. Бабажан Берікболсын бас бәйгені иеленсе, Мамұтқан Закиге күміс медаль бұйырды. Сейітжан Бексұлтан қола жүлдегер атанды.