Қазақстандық құтқарушылар қырғыз тікұшағы апатқа ұшыраған жерге екі рейс жасады
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Ыстықкөл облысының Оңтүстік Еңілшек алаңындағы тікұшақ апаты тіркелген орыннан алты адам (төртеуі зардап шеккен) Бішкекке жеткізілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі Қырғыз Республикасы Қарулы Күштерінің әуе қорғаныс күштерінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Зардап шеккендердің бәрінің жағдайы тұрақты. Жеткізілгеннен кейін олар Қырғызстан астанасының медициналық мекемелеріне орналастырылып, қажетті ем-дом алған. Олардың бәрі де Бішкекке Қырғыз Республикасы әуе қорғанысы күштерінің МИ-8 тікұшағымен жеткізілген.
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар бойынша комитеттің тікұшағы қырғыз тікұшағы апат болған жерге екі мәрте рейс жасаған.
«ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне Қырғыз Республикасы ТЖМ дағдарыс жағдайларын басқару орталығының басшысы Мұхамед Сваров хабарлағандай, бірінші рейсте қазақстандық құтқарушылар Хан тәңірі шыңының аумағындағы Оңтүстік Енілшек алаңынан Шаар-Құдық - «Қарқара» базалық лагеріне тікұшақтың 8 жолаушысын жеткізген. Апаттан зардап шеккендер бұдан соң Бішкекке автокөлікпен жеткізіледі. Екінші рейсте біздің тікұшақ бұдан бұрын қырғыз тікұшағы апарып тастаған апатты тергеу бойынша комиссия мүшелерін алып кету үшін жолға шыққан.
Еске сала кетсек, бүгін Оңтүстік Енілшек алаңында құтқару операциясын жүргізу кезінде Қырғызстан Республикасы Қарулы күштерінің Ми-8 МТВ тікұшағы апатқа ұшыраған болатын. Тікұшақ жерге қону кезінде қатты желдің салдарынан сол жақ қырына аударылып кеткен.
Осыдан кейін Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігі қазақстандық әріптестерінен Ыстықкөл облысында тікұшақтың апатқа ұшырауынан зардап шеккендерді эвакуациялау үшін көмек сұрады. Қазақстан тарапы сұранысты қабылдап, көрші республиканың ІІМ тікұшақ жіберді.