Қазақстандық қылқалам шеберінің жұмысы 1500 суретшінің қатысуымен өткен халықаралық конкурста үздік деп танылды
2014 жылғы қылқалам шеберлерінің көрмесіне АҚШ, Канада, Аргентина, Колумбия, Эквадор, Ұлыбритания, Франция, Германия, Ресей, Қытай, Макао, Жапония, Оңтүстік Корея, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Израиль, Чехословакия сияқты елдерден 1500 суретшінің еңбегі қойылған. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 28 суретші түрлі стиль бойынша алтын, күміс, қола медальдарға ие болды. Сол конкурста CITYSCAPE («Қала пейзажы») ааталымында «Алтын қыран» медалі жерлесіміз Жеңіс Кәкенұлына бұйырды.
Жеңіс Кәкенұлының айтуына қарағанда, сайысты ұйымдастырушылар қала пейзаждарын бейнелеген суретшілерді іріктеген кезде оның жеке веб сайтындағы Астана қаласының көріністерін, яғни Есіл өзенінің сол жағалауындағы ғимараттардың күзгі келбетін таңдап алыпты.
Сондай-ақ осы сайыстың кей жеңімпаздары сәуір айында Нью-Йоркте өтетін АртЕХПО көрмесіне қатысу мүмкіндігіне ие бола алады. Жерлесіміз қазірде осы көрмеге қызу дайындық үстінде. Жеңіс Кәкенұлының бұл сайыста да қанжығасын майлап қайтуына тілектеспіз.
Айта кетейік, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Президенттік стипендия иегері Жеңіс Кәкенұлы 1965 жылы Алматы облысында дүниеге келген.
1988 жылдан бері еліміздегі көрмелерге, сондай-ақ АҚШ, Германия, Түркия елдерінде көрмелерге қатысқан. 2000 жылғы «Мәдениетті қолдау жылы» белгісінің авторы. Қазақтың бейнелеу әлемі, қазақ суретшілерінің шығармашылық болмысы туралы публицистикалық еңбектері енген «Ақ зер» атты жинақтың авторы. 200-ге жуық кітаптың мұқабасын безендіріп, жарыққа шығарған.
Алматы, Астана қалаларында жеке көрмелер ұйымдастырып тұрады. Картиналары Мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде, Қазіргі заман өнері музейінде, Президенттік мәдениет орталығында сақтаулы. Еліміздің және шетелдердің (Молдова, Германия, Түркия) жеке картина жинаушылар қорында да суреттері бар.
Сондай-ақ 2009 жылы Түркияда өткен суретшілердің халықаралық көрмесінде Түркия Президенті Абдолла Гүл мырзаға ТҮРКІСОЙ-дың атынан суретші Жеңіс Кәкенұлының «Амасия» атты картинасы сыйға тартылған болатын. Гүлден ОСПАНОВА