16:28, 02 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақстандық қылмыскерлер елдегіні қойып, енді Грузияның баскесерлерін қаржыландыруға кірісіпті
АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстандық қылмыскерлер елімізді қойып, енді Грузияның бас бостандығынан айыру орындарында отырғандарды жарылқауға кіріскен сыңайлы. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігі таратқан деректерден мәлім болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Министрліктің мәліметтеріне қарағанда, тәртіп сақшылары өткен аптада еліміздің бірқатар аймақтарындағы ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдерін құрықтаған. Ал Солтүстік Қазақстан облысында «Центровые» ұйымдасқан қылмыстық тобының басшысынан қылмыстық жолмен табылған қаржының кіріс-шығысы белгіленген дәптер табылған. Бұл дәптерде, сондай-ақ қылмыскерлердің Грузияның бас бостандығынан айыру орындарына қаржы жіберу жолдары да көрсетілген. Баспасөз баянында, сондай-ақ еліміздің оңтүстік өңірінде «Альянс банкі» акционерлік қоғамынан 4 миллион 500 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы жымқырмақ болған алаяқ пен жергілікті кәсіпкерлердің бірінен 1 мың АҚШ долларын бопсаламақ болған екі азаматтың қолға түскендігі айтылған.