Қазақстандық Қытайдағы би чемпионатында үздік үштікке ілінді

БЕЙЖІҢ-ХЭФЭЙ. ҚазАқпарат - Он жасар Амира Қабазиева Аньхой провинциясының Хэфэй қаласында спорттық және бал билерінен өткен Қытай ашық чемпионатында өзі қатысқан жас санатында үздік үштік қатарынан көрінді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.

Қазақстандық Қытайдағы би чемпионатында үздік үштікке ілінді

Чемпионатқа Қытайдың би мектептерінің 8 мың тәрбиеленушісі қатысып, еуропаша билер (вальс, квикстеп, фокстрот), Латын Америкасының билерін (самба, ча-ча-ча, румба, пасодобль, джайв) ұсынды.

А. Қабазиева «Вальс, танго, джайф и румба» аталымында жеке және жұптық орындау бойынша жүлдегер атанды. Ол бұрын да Бейжіңде, Гонконгте, Нанкинде өткен осындай жарыстарда топ жарған.

А. Қабазиева үш жылдан бері ҚХР-дағы РФ елшілігінің жанындағы «Русский стиль» би клубының секциясында Мария Пьянованың жетекшілігімен жаттығады. Оған дейін Қазақстанда Алма Сағадиева басқаратын «Көбелек» ансамблінде шығыс және әлем халықтары билерінің қыр-сырын үйренді.

Әкесі Манарбек Қабазиевтің айтуынша, жыл соңына дейін Амира Сингапурда, Италияда және Ұлыбританияда өтетін халықаралық жарыстарға қатысады.