Қазақстандық қыздар Тайбэйде өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында 12 медальді жеңіп алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тайбэйде өтіп жатқан чемпионаттың бесінші күнінің қорытындысы бойынша 12 медаль жеңіп алған Қазақстан жалпы есепте екінші орында тұр. Жартылай финалға 7 жасөспірім мен жастар командасынан 5 спортшы қыз шықты.

Қазақстандық қыздар Тайбэйде өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында 12 медальді жеңіп алды

Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметінен хабарлады.

15 медальді жеңіп алған Ресей ғана Қазақстаннан озып келеді, бізден кейінгі орында 8 жүлде алған АҚШ, әрқайсысының 6 жүлдесі бар Қытай, Үндістан, Түркия, Украина елдері, 4 медальді еншілеген Қытайлық Тайбэй мен Ирландия бар. Италия, Моңғолия, Польша - 3 медаль жеңіп алса, КХДР, Венгрия, Тайланд - 2 жүлде, Әзербайжан, Доминикан, Ұлыбритания, Франция, Германия, Грекия, Оңтүстік Корея, Косово, Швеция және Вьетнамның қанжығасында бір-бір медальдан бар.

Чемпионаттан хабар тарататын спорт тілшілері 2015 жылы Қазақстанның жасөспірімдер арасындағы чемпионы атанған Жазира Орақбаеваның (46 келі) Болгарияның үш дүркін чемпионы, 2014 жылы Еуропа құрлығы чемпионатының жүлдегері Эми-Мари Тодорованы 2:1 есебімен тізе бүктірген жекпе-жегін 5-ші күннің тосынсыйы деп атады.