Қазақстандық мамандар АҚШ-тағы «Силикон жазығында» инновациялық менеджмент бойынша оқитын болады

АСТАНА. 19 сәуір. ҚазАқпарат - АҚШ-тағы «Силикон жазығының» университеттері қазақстандық мамандарды инновациялық менеджментке оқытуға дайын.
None
None

Бұл туралы бүгін аймақтық инновациялық жүйені қалыптастыру әдісін талқылауға арналған кеңейтілген жиында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Қаныш Төлеушин мәлімдеді.

«Біз жуырда ғана «Кремний жазығына» барып қайттық. Онда Берклидегі Калифорния университетімен және Стэнфорд университетімен біздің мамандарды инновациялық менеджмент және басқа да бағыттар бойынша оқытуға келістік. Енді сол жерлерге орталықтандырылған топтарды жіберіп отыратын боламыз. Сондықтан әкімдіктерден, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардан, жоғары оқу орындарынан, сондай-ақ аймақтардағы компаниялардан бізге қызметкерлердің нақты тізімдерін жіберуді сұраймыз», - деді Қ. Төлеушин.

Оның айтуынша, қазақстандық мамандар «Болашақ» бағдарламасы аясында үш немесе алты айлық тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие бола алады. Бағдарламаға сонымен қатар ағылшын тілінің курстары енеді.

Айта кетейік, «Силикон жазығы» немесе кейде «Кремний жазығы» деп аталатын аумақ АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сан-Франциско түбегінде орналасқан. Онда жоғары технологиялық техникаларды, бағдарламалық қамтамасыз ету құрылғыларын, биотехнологияны шығаратын компаниялар көптеп шоғырланған.

Соңғы жаңалықтар