Қазақстандық медиа-сарапшылар еліміздің журналистер дайындайтын жоғары оқу орындарына арналған арнайы курстарды жасап дайындады

         АЛМАТЫ. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін «Media Net» халықаралық журналистика орталығында  «Десента» қоғамдық қоры мен «Media Net» халықаралық журналистика орталығы қазақстандық журналистердің кәсіби  білім алуда  тиімділіктерін  арттыруға  арналған арнайы тақырыптық курстарының таныстырылымын жасады,

Қазақстандық медиа-сарапшылар еліміздің журналистер дайындайтын жоғары оқу орындарына арналған арнайы курстарды жасап дайындады

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жобаның негізгі ұйымдастырушылары «Десента» қоғамдық қоры мен «Media Net» халықаралық журналистика орталығы болып табылады. Курстың таныстырылымы мен арнайы курсты талқылауға жоғары оқу орындарының ұстаздары мен студенттері, журналистер мен үкіметтік емес ұйымдардың медиа өкілдері қатысты.

«Бұл арнайы курс жобасы - Қазақстандағы журналистік білімнің жаңа сапалы деңгейге шығуына ықпал етеді деп санаймын. Студенттер әдеттегі консерваторлық білім жүйесінен  шығып, мультимедиялық БАҚ, блоггерлік туралы  білетін болады», дейді журналистік зерттеу саласы бойынша   арнайы курстың авторы, «Мир Евразии» журналының бас редакторы Эдуард Полетаев.

Жобаның жетекшісі Жанна Прошкевичтің айтуынша, жобаны іске асыруға еліміздің сегіз аймағы бойынша  9 журналистік қоғамдық ұйымдар атсалысуда. Ол ұйымдар 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы аралықта 3 үлкен көлемді жобалар іске асырылған. «Жоба аясында курстарды жасаушылар Еуропалық Одақтың қолдауымен саны оннан асатын экологиялық, сараптамалық, іскерлік, құқыққорғау, фотожурналистік, журналистік зерттеу, жаңа медиа және тағы да басқа  арнайы курстарды ойлап шығарған. Бұл курстар студенттер үшін міндетті емес, олар қалаған тақырыбын таңдап ала алады. Курстар семинар, жаттығу, лекция, тәжірибе жүзінде өтуі керек», дейді Ж. Прошкевич.

«Елімізде журналистер дайындайтын жоғары оқу орындарының журналистика саласы бойынша арнайы курстар жұмыс істейтінін білесіздер.   Бірақ, біздің зерттеулеріміз бойынша тақырыптық курстар жаңа формада ұсынылмайтын, оқу орындарында педагог-практиктер аз жұмыс істейтін, оқу орыны қажетті құрал-жабдықтармен толық жабдықталмаған болып шықты. Сауалнамаға қатысушылардың 66,6 пайызы, олар - студент, журналист, отандық масс-медиа редакторларының пікірінше тақырыптық курстарды 1-ші курстан енгізу керек деп санайды.  Біз осы пікірге байланысты, жобаның ұйымдастырушылары ретінде болашақ журналист болатын студенттерді, жоғары деңгейде, сапалы маман  дайындауда, жоғары оқу орындарының оқу курстарына түзетулер, жаңа ұсыныстар енгізу керек деп ойлаймыз және қажетті деп санаймыз», деді «Media Net» халықаралық журналистика орталығының директоры Вячеслав Абрамов.

Орталықтың зерттеу нәтижесінде студенттерге экономикалық журналистика, әлеуметтік, психологиялық және ойын-сауық, гонзо-журналистика, блоггингтік, ауыл шаруашылық журналистикалары көбірек қажетті саналған.