Қазақстандық мемлекеттік қызметшілер еңбек еткісі келетін меморгандардың үштігі аталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық мемлекеттік қызметшілер еңбек еткісі келетін ең тартымды мемлекеттік органдар белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық мемлекеттік қызметшілер еңбек еткісі келетін меморгандардың үштігі аталды

«2018 жылы мемлекеттік қызметке 12 мың адам жұмысқа тұрды. Олардың үштен екі бөлігі төменгі лауазымда жұмысқа орналасқан. Мемлекеттік қызметке кіргендердің 49 пайызы әйелдер. Ең тартымды мемлекеттік органдардың алдында - Парламент Сенатының аппараты тұр. Ол жерде бір орынға 17 адам үміткер. Сол секілді Президент істері басқармасындағы бір орынға 14 адам, біздің агенттікте 12,5 адам үміткер болып отыр.

Жергілікті деңгейде саралар болсақ, Астана, Алматы қалалары мен Маңғыстау облысында үміткерлердің саны мол», - дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мемлекеттік қызмет департаментінің директоры Жарқын Тілеукенов агенттікте өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуына қарағанда, өткен жылы 7 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер лауазымдық тұрғыда өскен. Бұл көрсеткіш оның алдындағы жылға қарағанда 32 пайызға артық.

«Мемлекеттік қызметтің сапалы құрамы келесі көрсеткіштер бойынша айқындалады. Мемлекеттік қызметкерлердің 92 пайызында немесе 83 мың қызметкерде жоғары білім бар. Ал қалған 8 пайызы - аудандық және ауылдық деңгейдегі атқарушы органдардың қызметкерлері. Мемлекеттік қызметкерлердің көбі экономика және бизнес, құқықтану, техникалық ғылым мен білім саласы бойынша оқу бітірген», - дейді ол.

Сонымен қатар, Жарқын Тілеукенов шетелде білім алған мемлекеттік қызметкерлердің саны өткен жылы екі есеге артқанын хабарлайды.

«Әлемнің ең үздік 100 университетінде оқу бітіріп келген қызметкерлердің саны қазіргі таңда - 154. Орталық деңгейде олардың 124-і, аймақтық деңгейде 30-ы еңбек етіп жүр. Басшылық қызметте ондай санаттағы 62 мемлекеттік қызметкер бар», - дейді ол.