Қазақстандық «Менің күнәлі періштем» атты фильмді танымал француздық маман Николас Трембасьевич монтаждауда

АЛМАТЫ. 8 ақпан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясында режиссер Талғат Теменовтың «Менің күнәлі періштем» («Жеңу») атты фильмінің монтаждық жұмыстарының аяқталуына орай баспасөз мәслихаты болып өтті.
None
None

Онда аталмыш фильмнің режиссері Талғат Теменов: "Николас Трембасьевич фильмдерді мантаждау бойынша халықаралық деңгейдегі маман. «Қазақфильм» сондықтан оны бұл жобаға арнайы шақырды. Ол Люк Бессон, Жерар Кравчик сынды кино шеберлерінен көп тәжірибе жинаған. Тіпті оны Люк Бессонның оң қолы деп айтса да болады. Николас Пенелопа Крустың қатысуымен өткен "Фан-фан тюльпан" фильмін, "Ямакаси", "Такси-2", «Васаби», «Тасымалдаушы» және тағы да басқа әлемге танымал фильмдерді монтаждаған. Ол Еуропа мен Америкада өте танымал", - деді. Оның айтуынша қазір мантаждау жұмыстары аяқталып қалған.

"Шақырту алғанда бірден келістім. Өйткені мен шетелде Қазақстан туралы жиі еститінмін. Өз көзіммен көріп қайта үшін де қызық болды. Бір сөзбен айтқанда, бұл елмен танысқым келді. Алматының ең көрікті жерлерінде болдым. Маған қалаларыңыз қатты ұнады. Алдағы уақытта маған ұсыныстар түсіп жатса, шын ниетпен қазақстандық режиссерлермен жұмыс істеуге дайынмын", - деді Қазақстанға тұңғыш рет келген Николас Трамбасьевич.

Оның айтуынша, фильм романтикаға толы, өте әуезді. "Фильмнің оқиға желісі өте қызықты. Келген кезде материалдар негізінен монтаждалған болатын. Мен тек өңдеп, аяқтап, жөндедім. Осының барлығына төрт жарым аптадай уақыт кетті. Монтаждауда бұған дейін жасаған жұмыстарымнан ешқандай өзгешелік жоқ. Экшн фильм болмағандықтан монтаждау оңайға соқты. Фильм толығымен бір аптадан соң дайын болады", - деді ол.

Мәслихатта ол осы жұмыстарымен қатар, жоспарларымен де бөлісті. "Режиссер Пол Мак Гиганның «Бесінші өлшем» деп аталатын фильмі - менің соңғы аяқтаған жұмысым. Ол фильмді мантаждауға 10 айдай уақыт кетті. Алдағы уақытта Америка мен Парижде басқа да фильмдерді монтаждайтын боламын», - деді ол.

Аталмыш фильмнің қоюшы-режиссері Талғат Теменовтың айтуынша, фильмнің тұсаукесері биылғы жылдың көктемінде өтпек.

Фильм - романтикалық махаббат тарихы жайында. Киноның ұзақтығы - 90 минут. Жанры - жастар киносы. Фильмде Парижге кеткісі келетін, өйткені онда бай жігіті бар жас қыз-талантты әнші туралы баяндалады. Өнерімен Парижді бағындырмақ болған әнші қызға бай жігіт көмектеседі. Аңсаған арманына жетер уақытта, аяқ астынан оны қарапайым бір жігіт ұнатып қалады. Жанр заңдылықтары бойынша махаббат үштағаны қалыптасады. Ал, қыз қарапайым жігітпен қала ма, жоқ па?... Оны көрермен осы фильм арқылы біле алатын болады.

Соңғы жаңалықтар