Қазақстандық минометшілер 3 шақырым радиустағы нысананың көзін жоя алатындығын көрсетті
АСТАНА. 27 ақпан. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы оқу-жаттығу орталығы базасында миномет взводтарының тәжірибе сабақтары өткізілді.
Сабақтар Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының басқармасы Ракета әскерлері мен артиллерия бастығы полковник Асқар Жоламановтың басшылығымен жүзеге асырылды.
ҚР ҚМ баспасөз қызметінің мәліметінше, бақылау сабақтары барысында артиллеристер қозғалмайтын нысаналарды зеңбіректермен, минометтермен дәлдеп атудан емтихан тапсырып, өзге де тапсырмаларды орындады. Минометпен және басқа да атыс қарулары түрлерімен оқу жауынгерлік атыстары күндізгі және түнгі жағдайларда жүзеге асырылды.
Жауынгерлік атыстардың қорытындысы бойынша минометші-жауынгерлер радиусы 10 метрден 3 шақырымға дейінгі қашықтықтағы нысана көздеуді жақсы меңгергендіктерін көрсетті.
Тағы бір айта кетерлігі, Аэроұтқыр әскерлерінің бригадалық, батальондық тактикалық жаттығулары артиллериялық бөлімшелердің қатысуынсыз өткен емес. Олар гаубицадан атылған оқпен, дүркіндеп ату реактивті жүйесінен және минометпен белгіленген оқ-дәрі қорын пайдалана отырып, нысаналарға дөп тиді.
«Өткізілген полигондық сабақтар артиллеристер үшін өз тәжірибелерін жақсартуға кезекті мүмкіндік берді. Сонымен қатар, артиллеристер минометтік взвод құрамында жауынгерлік шоғырлану мәселелерін пысықтай отырып, минометшілер батареясы құрамындағы келесі кезеңге дайындала алды»,-делінген ведомствоның мәліметтерінде.