Қазақстандық мөлшерді арттыру аясында 1 триллион теңгені құрайтын меморандумдарға қол қойылды
АСТАНА. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қазақстандық мөлшерді арттыру аясында мемлекеттік сатып алуларда 1 мыңнан астам меморандумға қол қойылды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен «Дағдарысқа қарсы саясатты қалыптастыру және жүзеге асыру ісіне бизнестің қатысуы» атты халықаралық дөңгелек үстелде Үкімет басшысының орынбасары Серік Ахметов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Отандық тауар өндірушіні қолдау мақсатында, яғни мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, кен орнын пайдаланушылардың кәсіпорындары мен жүйе құраушы кәсіпорындар жүзеге асыратын тауарларды сатып алу, жұмыс жасау мен қызмет көрсетуде қазақстандық мөлшерді арттыру бойынша бағдарлама жүзеге асырылуда. Бұл нарықтың көлемі 16-18 миллиард АҚШ долларына бағаланып отыр. Оның 25 пайызы тауарды, ал 75 пайызы жұмыс пен қызмет көрсетуді құрайды», деді С. Ахметов.
Оның айтуынша, қазақстандық мөлшерді арттыру аясында мемлекеттік сатып алуларда 1 триллион теңгеден астам қаржыға немесе 7,5 миллиард АҚШ долларына 1 мыңнан астам меморандумға қол қойылды.