Қазақстандық мөлшерді дамыту аясында жалпы сомасы 940 млрд. теңгеден астам меморандумдар, 681 млрд. теңгеден астам келісімшарттар бекітілді - Ә. Исекешов
АСТАНА. Қыркүйектің 29-ы. Ақпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазіргі таңда қазақстандық мөлшерді дамыту бойынша жалпы сомасы 940 млрд. теңгеден астам меморандумдар бекітілді.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қыркүйектің 28-індегі жағдай бойынша жалпы сомасы 940 млрд. теңгеден астам 1022 меморандум, жалпы сомасы 681 млрд. теңгеден астам 875 келісімшарт бекітілді», деді отырыста Ә. Исекешов.
Министр «Қазақстандық мөлшер» интернет-портал әзірленгенін атап көрсетті. Оның айтуынша, интернет-порталға 4360 тұтынушы кәсіпорындар және 364 өндіруші компаниялар жайлы ақпараттар орналастырылған. Олардың ішінде шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі 95 пайызды құрайды. Сонымен қатар порталды ұлттық холдингтердің және мемлекеттік органдардың сатып алу жоспарлары бойынша 800 мыңнан астам тауарлар түрлерінің позициялары шоғырландырылған. Министр келтірген мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы мемлекеттік органдардың сатып алуларындағы қазақстандық мөлшер 60 пайыздан астамды, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында 10 пайыздан астамды, ұлттық компаниялардың сатып алуларында 5 пайыздан астамды құраған.