Қазақстандық мүгедектігі бар әйелдер өз құқықтарын алға тарту үшін бірлескен стратегияны әзірлеуде
АЛМАТЫ. 12 сәуір. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыда Оңтүстік, Батыс және Солтүстік, Шығыс Қазақстаннан мүгедектігі бар әйелдер ұйымдарының 14 көшбасшысының қатысуымен стратегиялық жоспарлау жөніндегі семинар өтіп жатыр.
Сәуірдің 14-іне дейін жалғасатын семинар барысында қатысушылар өздерінің ұйымдарының ішкі және сыртқы қызметін талқылап, оған талдау жасап, желілік қызметті дамыту үшін басымды міндеттерін белгілемек. «Семинардың мақсаты - тек ұйымдардың стратегиялық жоспарларын жазу дағдылары мен білім ұсыну ғана емес, Қазақстанның мүгедектігі бар әйелдері үшін құқықтарын алға тарту және мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында ұзақ мерзімді перспективаға бірлескен Желі стратегиясын әзірлеу болып табылады», - дейді «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығының төрағасы Ләззат Қалтаева.
Сонымен қатар ол 2010 жылдың сәуір айынан тамыз айына дейін Қазақстанның үш аймағында әйелдер көшбасшылығы бойынша үш модуль өткізілгендігін айтты. «Бүгінгі таңда аталған жоба аясында мүгедектігі бар әйелдердің құқықтарын алға тартатын және олардың барынша қоғамға араласуына мүмкіндік жасайтын Оңтүстік, Батыс және Солтүстік, Шығыс Қазақстанның он төрт ҮЕҰ-нан тұратын мүгедектігі бар әйелдер ұйымдарының желісі құрылды», - дейдіЛ.Қалтаева.
Елімізде 485,4 мыңнан астам, яғни халықтың жалпы санының 3 пайызы мүмкіншілігі шектеулі адамдар екен. Олардың 231 мыңға жуығы қыздар мен әйелдер, бұл Қазақстанның мүмкіншілігі шектеулі адамдардың 48% құрайды.
Жоба 150 000-ға жуық еуро көлемінде Еуропалық Одақпен қаржыландырылуда. Аталған шара ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен және Халықаралық ҮЕҰ зерттеу және оларды оқыту орталығымен, "Кюннюс" Қауымдастығы (Финляндия), ЮНИФЕМ және «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығымен жүзеге асырылуда.