12:30, 03 Наурыз 2009 | GMT +5
Қазақстандық мүсінші Асқар Нартов «Арт-Экспо Нью-Йорк 2009» көрмесінде өз жұмыстарын таныстырды
НЬЮ-ЙОРК. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Әлия Алтынғазина/ - Нью-Йоркте өткен «Арт-Экспо» өнер жәрмеңкесіне әлемнің 50 елінің мыңнан астам шеберлері мен 500-ден арта өнер галереялары қатысты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ләйлә Элаис пен Берік Құлмамыров бастаған «Нью-Йорк реализм» студиясы алғаш рет өз жұмыстарын таныстырды және әлемге танымал осы көрменің каталогына енді. Студияның шақыруымен жәрмеңкеге Қарағанды қаласындағы Абай ескерткішінің авторы, еліміздегі өзге де көптеген композициялардың авторы, мүсінші Асқар Нартов та қатысты. «Нью-Йорк реализм» студиясының директоры Асқар Нартовтың шығармашылығына деген өзінің ықыласы туралы ҚазАқпарат тілшісіне былтыр әңгімелеп берген болатын. Берік Құлмамыровтың айтуынша, Қазақстанда үлкен дарынға, жоғары техника мен әлеуетке ие суретшілер баршылық. Ол «қазақстандық өнерпаздардың туындылары әлемдік көрмелерге қойылуға лайықты», - деп санайды.