Қазақстандық музыканттар Италияның көне сахналарында өнер көрсетуде

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «FORTE TRIO» қазақстандық ансамблі Италияның тарихи сахналарында өнер көрсетуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандық музыканттар Италияның көне сахналарында өнер көрсетуде

«FORTE TRIO» Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымына қарасты музыкалық ұжым.

Ансамбль 12 наурыз күні 1784 жылы құрылған Луиджи Керубини атындағы Флоренция консерваториясында өнер көрсетті. Бұл Италиядағы ірі консерваториялардың бірі, оның кітапханасында мыңжылдық тарихы бар көне ноталық қолжазбалар сақталған. Өнер ордасындағы музейде Страдивари мен фортепиано аспабын ойлап тапқан өнер иесі Бартоломео Кристофоридің құнды музыкалық аспаптарын көруге болады.

13 наурызда трионың концерті Форли қаласындағы «Делла Скрана» тарихи музыкалық қоғамының «Аврора» атты залында өтеді. Қазақстандық трио бұл тарихи сахнада алғаш рет 2019 жылы өнер көрсеткен болатын. Ортағасырлық өнер орталығында «FORTE TRIO» әлемдік классика шығармаларын және қазақтың «Япурай» туындысын орындайды. 1903 жылы негізі қаланған «Делла Скрана» музыкалық қоғамы Форли қаласында және Италияның Эмилья Романья аумағындағы ең танымал өнер ошақтарының бірі болып табылады.

«FORTE TRIO» - белгілі пианист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеевтің бастамасымен құрылған ерекше ансамбль. Бұдан бұрын фортепиано, скрипка мен виолончель аспаптары үйлесім тапқан музыкалық ұжымдар елімізде болмаған. «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымының құрамында өнер көрсететін «FORTE TRIO» Қазақстан мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттайтын үздік камералық ансамбльге айналды. Париж, Рим және Берлин сынды әлемдік мәдениет орталықтарымен қатар трионың гастрольдік картасында Антигуа мен Барбуда сияқты экзотикалық мемлекет бар.