Қазақстандық нарық сапалы отандық тауар мен қызмет түрлеріне зәру - Индустрия және сауда вице-министрі
АСТАНА. Қазанның 22-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Мәжілісінде Индустрия және сауда министрлігінің өкілдері депутаттарды «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақстандық қамту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасымен таныстырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Индустрия және сауда вице-министрі Ерхат Есқалиевтің айтуынша, министрлік тарапынан жүргізілген сараптау жұмыстары еліміздегі бірқатар салалар бойынша өндірілетін тауарлардың арасында қазақстандық үлестің салмағы мүлдем аз екендігін көрсетті. Ал талқылауға ұсынылып отырған құжат осы олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған. «Жалпы қазақстандық үлеске келетін болсақ, бүгінде нарық сапалы қазақстандық тауар мен қызмет түрлеріне зәру. Өйткені бізде елде өндірілетін тауарлардың отандық үлесінің салмағын реттеп отыратын нақты жүйе жоқ. Оның үстіне елдегі халықаралық талаптар негізінде қызмет көрсететін мамандар да тапшы. Қазақстандық тауардың үлес салмағының қаншалықты екендігін нақты бақылап, мониторинг жүргізіп отырған орган да жоқ. Осының бәрі жиналып, қазақстандық үлес деген мәселенің көтерілуіне негіз болып отыр», деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, заң жобасын дайындаудағы басты мақсат - ішкі нарықтың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, бәсекеге қабілетті өнім мен қызмет түрлерін жетілдіруге қажетті жағдай жасау.