Қазақстандық нарыққа арналған ABBYY Lingvo x5, ABBYY FineReader 11 бағдарламалары шықты

АЛМАТЫ. 21 қыркүйек. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - ABBYY Lingvo x5, ABBYY FineReader 11 бағдарламаларының Қазақстандық нарыққа арналған нұсқалары шықты. Кеше кешкісін Алматыда ABBYY басшылары қос бағдарламаны таныстырды.
None
None

ABBYY Lingvo x5 электронды сөздігі кәсіби аударма жасау мен тіл үйренуге арналған. Аударма үшін бұл нұсқада 20 тілдегі сөздіктер берілген. Оларды бір-біріне еш кедергісіз аударуға болады. Қазақ тілінде 159 сөздік енгізілген. Бұндағы сөздердің 20 мыңы жалпы қолданыстағы сөздер болса, 5 мыңы мұнай-газ, 2 мыңы әскери сала терминдері. Аталған бағдарлама үйге және кәсіби қызметке арналған болып 2 нұсқада жарық көрді. Сондай-ақ бағдарламаның онлайн нұсқасы да бар. Бағдарламаның бұған дейінгі елімізге арналған ABBYY Lingvo x3 нұсқасы 2009 жылы 26 мамыр күні шыққан болатын. Оған 64 сөздік енгізілген еді. «Бұрынғы нұсқа көбіне аудармаға лайықтылған болатын. Жаңа нұсқада аударма жасаумен қатар тіл үйренуге мүмкіндік беруді басты назарда ұстадық. Алдыңғысынан айырмашылығы - аудио, видео сабақтар қосылып, PDF файлдар мен фильмдердің субтитрлерін дәл аударма арқылы беру мүмкіндігі қарастырылған», -дейді компанияның бас директоры Григорий Липич.

Қағаздағы ақпараттарды электронды нұсқаға көшіріп, редакциялауға арналған ABBYY FineReader бағдарламасының соңғы 11 нұсқасы алдыңғысынан жылдамдығымен ерекшеленеді. Бұл нұсқада құжаттарды өңдеу 10-шы нұсқадан 45 пайызға жылдам. Сондай-ақ жаңа нұсқа 189 тілде құжатты танып, ұялы телефон мен сандық фотоаппарат түсірген құжаттарды да өңдеу, өңделген құжаттарды электронды кітапқа айналдыру мүмкіндігі қарастырылған. Бағдарлама кез-келген түрдегі мәтінді қағаз құжаттарды сканерлеу немесе фотоға түсіру арқылы электронды нұсқаға айналдырып, word, ePub, fb2 форматтарына ауыстырып, өңдеуге мүмкіндік береді.

Григорий Липичтің түсіндіруінше бұл бағдарламалар Алматы қаласында шығарылады. «Қазақстандық нарыққа арналғандықтан, әрі тұтынушыларға жылдам жеткізу үшін бағдарламаларды Алматыда шығару дұрыс деп шештік. Өйткені Қазақстан біз үшін Ресейден кейінгі екінші нарық саналады»,- дейді ол.

ҚазАқпарат анықтамасы: РесейлікABBYY компаниясы 1989 жылы құрылған. ІТ саласындағы бағдарламаларды шығарумен айналысады. Компанияның алғашқы өнімі ABBYY Lingvo 1993 жылы шықты. 1998 жылдан бастап өнімдері әлемдік атқа ие бола бастады. Қазақстан нарығына 2009 жылы келді. Бүгінде компанияның өнімдерін елімізде 100 мыңға жуық адам тұтынады. Ал, әлем бойынша 30 миллионнан астам қолданушысы бар. Бір ғана ABBYY FineReader бағдарламасының жыл сайын 15 миллион данасы сканерлермен бірге сатылады.

Соңғы жаңалықтар