Қазақстандық нейрохирургия еуропалық деңгейге жетті - сарапшылар
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда нейрохирургия қызметі еуропалық деңгейге жетті. Әлемдік сарапшылар Алматы қаласы №7 қалалық клиникалық ауруханасында өткен халықаралық нейрохирургтер конференциясында осындай пікір білдірді.
Алқалы жиынға Германия, Ресей, Жапония мен Оңтүстік Корея, Беларусь елінен мамандар келген.
Мамандар қазақстандық нейрохирургия саласының жеткен жетістіктерін жоғары бағалады.
ТМД елдерінің арасында Қазақстан алғашқылардың бірі болып үш инновациялық құрылғының біріккен жүйесі арқылы ем жүргізуді қолға алды. Атап айтқанда, біріншісі - компьютерлік томография, екіншісі - навигациялық жүйелер, соңғысы - заманауи операциялық микроскоп. Бұл күрделі операциялар кезінде бақылауды күшейтуге көмектеседі. Себебі, аппараттар визуализацияны жақсарта түседі.
Алматы қаласы №7 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Марат Абдуллаевтың айтуынша, биыл Алматы қаласы Денсаулық басқармасының қолдауымен заманауи нейронавигатор орнатылатын болады.
«Бұл жаңа құрылғының іске қосылуы науқастар үшін қуанышты жаңалық әрі қазақстандық нейрохирургтердің мүмкіндігін арттырады. Біздің ауруханада ТМД елдері арасында бірінші болып заманауи операциялық бөлме жасақталады», - деді Марат Шадыбайұлы.
«Қазақстан халықаралық алаңда алдыңғы қатарға шықты. Оның нейрохирургия саласындағы әлеуеті жоғары. Себебі, заманауи аппараттардың барлық түрі бар. Мұндай құрылғылар Ресейдің кейбір үздік деп саналатын емханаларында да жоқ. Нейрохирургтер қызметі сапасының жоғары екенін де атап өткен жөн. Қазір сіздердің қатарларыңызда халықаралық деңгейдегі мамандар бар, олар жүзден аса операция жасаған. Демек, сіздер халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттісіздер. Білікті мамандар іздеп, шетел асудың қажеті жоқ», - деді ресейлік білікті нейрохирург, Иркутск хирургия мен травматология ғылыми орталығы нейрохирургия ғылыми-клиникалық бөлімінің жетекшісі Вадим Бывальцев.
Ал Германиядан келген мамандар ми ісігі мен бас-сүйегі, омыртқа және жұлын жарақатына жасалатын күрделі операциялар заманауи әдіс-тәсілдермен толығып, жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер пікір алмасып, тәжірибе бөлісуге таптырмайтын мүмкіндік. Бұл қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыруға керек. Ал білікті маман халыққа ауадай қажет.
Ғылыми конференция шеңберінде жұлын мен бас-жақ сүйегі тақырыбында екі шеберлік сағаты ұйымдастырылып, операция үстелінен тікелей эфирде көрсетілді.
Конференцияны ұйымдастыруға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Алматы қаласы Денсаулық басқармасы, Алматы қаласы №7 қалалық клиникалық ауруханасы мен «Қазақ нейрохирургтарының қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің Алматы филиалы, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті, «Қоғамның денсаулық сақтау жоғарғы мектебі» қазақстандық медициналық университеті атсалысты.