Қазақстандық нейрохирургтар ойлап тапқан 3D имплант патент алды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астаналық нейрохирургтар омыртқаның физиологиялық құрылымын толығымен қайталайтын 3D имплант ойлап тапты. Отандық ноу-хау туралы ұлттық нейрохирургия орталығының басқарма төрағасы Серік Ақшолақов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біздің мамандар үздік тәжірибелерді енгізіп қана қоймай, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысады. Осы уақытқа дейін 10-нан астам гранттық зерттеу жүргізді. Соның бірі - «Ғалам» ғарыш аппараттарын өндіруші ұйыммен бірлескен жоба. Омыртқаның физиологиялық құрылымын толығымен қайталайтын әрбір пациент үшін жеке 3D имплант әзірленді. Бұл - қазақстандық ноу-хау, біздің орталықтың идеясы. Ғылыми зерттеудің эксперименттік бөлігі Германиядағы травматология және биомеханика институтында жүргізілді ал препараттың объектісі АҚШ-тан алынды»,- деді Серік Ақшолақов елордада өтіп жатқан нейрохирургтардың V конгресінде.

Оның айтуынша, ғылыми жаңалық оң нәтижелі рұқсат құжатын алғаннан кейін гемангиома және омыртқа зақымдануы бар науқастарға 4 ота жасалған.
«3D имплантқа патент алынды. Слайдтан стандартты импланттар мен біздің жеке әзірлеген импланттардың айырмашылығын көресіз. Бұл әдістің артықшылықтары: іргелес омыртқалардың соңғы тақталарымен 100% сәйкестік, байланыс аймағындағы ең жоғары кернеулерді азайту, омыртқаның тұрақтылығы мен биомеханикасын қолдау», - дейді ол.
