Қазақстандық оқушы жаңа әлеуметтік желі ойлап тапты
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы волонтерлерге арналған жаңа мобильдік қосымшаны жасап шығарды. «Шаңырақ» бағдарламасына қайырымдылық пен әлеуметтік жобаларды жүзеге асыратын еріктілер үшін қажетті деректер жинақталған.
Елорда Инфо аталған мектептің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, мобильдік қосымшаны қолданушылар бір-бірімен тұрақты хабарласуға және деректер алмасуға мүмкіндігі бар. Мұнда тіркелушілер әлеуметтік желіде сияқты жеке профильдік-аккаунт ашады және қосымшадағы басқа да қолданушыларды қауымдастықтарға енгізе алады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен келесі жыл елімізде Волонтер жылы болып белгіленді. Менің білуімше, қазіргі ақпараттық кеңістікте барлық қазақстандық еріктілердің басын қосатын және олар туралы ресми мәлімет беретін деректер қоры жоқ. Бұл мобильдік қосымша арқылы мен осындай проблемаларды шешудің жолын іздедім. «Шаңырақ» ұялы бағдарламасында жергілікті және басқа да аймақтағы еріктілер туралы ақпараттар, олардың өткізетін шаралары туралы хабарламалар жарияланып тұрады. Жобаның баламасы ретінде танымал әлеуметтік желілерді де айтуға болады. Бірақ оларды пайдаланудағы қауіпсіздік ережелері барлық кезде сақтала бермейді. Мұнда сондай-ақ қажетсіз жарнамалар мен спам-ескертулер болмайды», - дейді 12-сынып оқушысы Бибарыс Ғилаж.

Мобильдік қосымша Android Studio негізінде Java көмегімен жұмыс істейді. Жақын арада ұялы телефондарға арналған көмекші құрал Play-market-те қолжетімді болмақ. Жас өнертапқыштың бұл жұмысын қазылар алқасы мектепшілік және республикалық кезеңдердегі ғылыми-жобалар сайысында жоғары бағалаған. Соның бірі ағымдағы жылдың қыркүйегінде өткен Қазақстан Жастары конгресінің инновациялық жобалар байқауы.
«Енді авторлық туындыға пантент алу және оны кең көлемді қолданысқа енгізу қалды», - дейді Бибарыс Ғилаж. Оның айтуынша, болашақта бұл мобильдік қосымша еріктілердің жұмысын едәуір жеңілдетеді. Олардың нәтижелі жұмысын жан-жақты көрсетуге, белсенділер мен жаңа қолданушыларды анықтауға мүмкіндік бермек.
Назарбаев Зияткерлік мектебінің болашақ түлегі бағдарламалау курсымен бірнеше жылдан бері айналысады. Ол түрлі облыстық және республикалық IT-технологиялар мен робототехника сайыстарының жүлдегері. Ағымдағы жылы АҚШ-тың Стенфорд университетінде бағдарламалау, көшбасшылық және әлеуметтік ғылымдар курсын сәтті тәмамдап шыққан.
Фото интернеттен алынды