Қазақстандық оқушылар алғашқы жартыжылдықта түрлі білім додаларында 805 наградаға ие болды - Ғылым комитетінің төрағасы
АЛМАТЫ. 17 тамыз. ҚазАқпарат - Биыл біріңғай ұлттық тестілеуде орташа балл барлық пәндерде төмендеді. Бұл туралы бүгін Алматыда «Білім беру жүйесін жаңғырту - адами капиталдың сапалы өсуінің басты бағыты» деген тақырыппен өткен білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесінде айтылды.
«Қазақстандық оқушылар 2011 жылы 900-ден астам медаль мен грамоталар жеңіп алған болатын. Биыл алғашқы жартыжылдықта 805 награда алды. Оның 46-сы алтын. Қазақстан құрамасы әлемде үздік ондыққа кіріп қана қоймай, Еуропа елдері мен АҚШ, Қытай оқушыларына лайықты бәсекелес бола алды», - дейді ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің төрағасы Нұрлан Ыбырайым. Оның айтуынша, биыл бірыңғай ұлттық тестілеуде орташа көрсеткіш 70,2 балл болды. Бұл өткен жылғыдан 15,7 пайызға кем. Ең жоғарғы орташа балл Алматыда болды. Бірыңғай ұлттық тестілеудің қорытындысына жасалған талдауға қарағанда орташа балл көрсеткіші барлық оқу пәнінде төмендеген. Оның ішінде барынша көп төмендеген пәндер математика (9,8 балл) мен тарих (13,96 балл) болып отыр. «Алтын белгіге» үміткер 5816 оқушының 25 пайызы ғана өз білімін дәлелдеді. Алматыда өз білімін дәлелдеген үміткерлер 62,4 пайызды құрады. Бұл - республикадағы ең жоғарғы көрсеткіш болып отыр.