Қазақстандық Олимпиада жүлдегері үлкен спорттан кетеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Лондондағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров өзінің спорттық мансабын аяқтайтындығы туралы айтты, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА.
«Биыл балуан рөліндегі соңғы жылым. Маған мұндай шешім қабылдау оңайға соқпады. Бірақ, жастарға жол беру керектігін түсінемін. Оған қоса, жасым да келіп қалды», - деді Ақжүрек Таңатаров.
31 жастағы балуан болашақтағы жоспарларымен де бөлісті.
«Менің мақсатым - жаттықтырушы болу. Қазірдің өзінде жас балуандарды тәрбиелеп, оларды түрлі жарыстар мен турнирлерге дайындап жатырмын», - деді спортшы.
Ақжүрек Таңатаров - еркін күрестің майталманы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада ойындарының (Лондон 2012), Азия чемпионатының (Нью-Дели 2017) қола жүлдегері, халықаралық турнирлердің чемпионы және жүлдегері, 66-74 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы.