Қазақстандық өнерпаздар Босния және Герцеговинада өнер көрсетті
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Түркия Республикасының Кастамону қаласына «Кастамону-Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы және Наурызнама мерекесіне Қазақстанның атынан Оңтүстік Қазақстан облысының бір топ өнер майталмандары аттанған еді. Түркітілдес елдер басқосқан айтулы шара Босния және Герцеговина федерациясының Зеница, Сараево жане Мостар калаларында, Черногорияның Чентинджэ қаласында жалғасын тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған елдердегі мәдени шараларда ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымына мүше мемлекеттердің 70-тен аса өнерпаздары қатысуда. Олардың арасында оңтүстіктің «Қазына» би ансамблі мен «Семсер» тобы өнер көрсетіп, тілі мен діні тамырлас елдердің мызғымас достығын дәріптеуде. Сонымен қатар, қазақстандық делегаттардың ішінде облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының өкілдері де бар. Қазақ әнін әуелетіп, сан сырлы биімен ұлы өнерді ұлықтаған мәдениет қызметкерлерінің сапары енді Албания мемлекетінде де жалғасын табады деп күтілуде.
Айта кетейік, «Қазына» би ансамблі 2017 жылы Түркияның Бурса қаласында өткен 31-ші халықаралық «Алтын Қаракөз» фольклорлық би байқауының бас жүлде иегері атанған болатын. Ал, «Семсер» тобы республикалық байқаулардың лауреаты саналады.