Қазақстандық өнерпаздар Мысырда дауылпазшылар фестиваліне қатысты

АСТАНА. 26 сәуір. ҚазАқпарат - 21-25 сәуір аралығында Каир қаласында Египеттің Мәдениет министрлігінің қолдауымен барабаншылар мен дәстүрлі өнердің халықаралық фестивалі өтті, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
None
None

Биыл халықаралық фестивальге Әзірбайжан, Бангладеш, Грекия, Египет, Қазақстан, Қытай, Колумбия, Түркия, Үндістан елдері, сонымен қатар әлемнің 26 елдерінің фольклорлық ансамбльдері мен би ұжымдары қатысты.

Шығармашылық ұжымдардың қойылымдары Салах ад-Дин цитаделі мен мәмлүк сұлтаны Әл-Гури кешені секілді Египет астанасының әйгілі тарихи жерлерінде, сондай-ақ атақты Каир опера театрында өткізілді.

Аталған шараға Қазақстан тарапынан 16 адамнан тұратын Атырау облысының «Ақжелен» Халық фольклорлық ансамблі қатысты. Репертуарында Құрманғазының «Адай», «Балбырауын», Н.Тлендиевтің «Махамбет», Дина Нұрпейісованың «Әсем қоңыр», С.Құсайыновтың «Мереке», халық әні «Дедімай-ау» және т.б. белгілі шығармалар бар қазақстандық шығармашылық ұжымның концерттік бағдарламасы жергілікті қауымның зор ілтипатына ие болды.

«Бұл фестиваль революциядан кейін Египетте өткен алғашқы ірі мәдени шаралардың бірі болғанына орай, египеттік қоғам мен БАҚ тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, ыстық ықыласына ие болды. Осы ретте қазақстандық әртістердің қойылымдары жергілікті қауымды қазақ халқының музыкалық шығармашылығымен таныстыруға үлкен септігін тигізді», - делінеді министрлік хабарламасында.

Соңғы жаңалықтар