Қазақстандық өнертапқыш тегін білім алу мобильді қосымшасын ойлап тапты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық өнертапқыш Нұр Құтты балаларға арналған қолжетімді білім алуға арналған жаңа мобильді қосымша әзірледі. ISEN деп аталатын білім беру платформасында сабақтар екі тілде (қазақша, орысша) қолжетімді және оны кез келген оқушы жүктеп қажетіне жарата алады. Білім беруге арналған жаңа мобильді қосымшаның басқа да артықшылықтары туралы өнертапқыш ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.
«ISEN (International Social and Education Network) мобильді қосымшасы патенттелген және авторлық құқығы да қорғалған. Бұл білім беру платформасын өз серіктестеріммен бірге білімге құштар балалар үшін ойлап таптық. Себебі кейбір балалардың қосымша білім алуға мүмкіндігі жоқ, оның себебі де әртүрлі отбасылық жағдайға байланысты немесе ақысы жоғары. Мобильді қосымшада көптеген пәндер бойынша қазақ және орыс тілінде бейне сабақтар жүктелген. Негізгі пәндерден бөлек, танымдық сабақтар да бар. Атап айтсақ, өрт қауіпсіздігі, жер сілкінісі кезінде не істеу керек, қаржылық сауаттылық, компьютерлік бағдарлама әзірлеу, графика, педофилдің құрығына түсіп қалмау, жол жүру ережелері. Одан бөлек, шет тілін, домбыра, шахмат үйрену туралы бейне сабақтар да қолжетімді. Яғни ISEN мобильді қосымшасын ұялы телефоныңызға көшіріп, бейне сабақты тегін көре беріңіз», - деді жобаның авторы Нұр Құтты.
Жаңа білім беру платформасы осы жылдың наурыз айында іске қосылған және оны әзірлеуге 2,5 жыл уақыт жұмсалған.
«Мобильді қосымша Алматы қаласындағы 3 мектепте пилоттық сынақтан өткізілді. Бүгінде білім беру жобамыз өз елімізден бөлек, АҚШ-тың бірнеше штаттарында, Канада, Үндістан, Түркия және Еуропаның кейбір елдерінде қолданысқа ие. Және шетелдік тұтынушылар синхронды аударма арқылы пайдаланады. Қазіргі уақытта мобильді қосымшаны 10 мыңнан астам адам жүктеп, қолданып жатыр», - дейді ол.
Оның айтуынша, бүгінде аталған білім беру платформаны одан әрі кеңінен насихаттау мақсатында бірнеше халықаралық ұйымдармен келіссөздер жүріп жатыр.
«Бейне сабақтарды біз алдын ала түсіріп, кейін оны жүктейміз. Сабақтарды сала мамандары түсіндіреді. Және бейне сабақтар оқушыларға білім берумен қатар олардың танымдық қабілетінің жетіле түсуін көздейді. Жалпы осы жобаны әзірлеуге 16 маман жұмылдырылды. Аз уақыттың ішінде оқушыларға өздігінен білім-білігін жетілдіруге арналған мобильді қосымшамызға ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ халықаралық ұйымдары және Қазақстандағы АҚШ елшілігі оң бағасын беріп үлгерді», - деді өнертапқыш.