Қазақстандық өнімдерді Иранға экспорттау мәселесі талқыланады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан делегациясы Иранға сапармен барады. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық өнімдерді Иранға экспорттау мәселесі талқыланады

«10 сәуірде Қазақстан мен Иран Сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар өтеді. Іс-шарада Қазақстан делегациясын министрдің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді, ал Иран тарапын Сыртқы істер министрінің орынбасары Аббас Аракчи басқарады. Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ көпжақты дипломатия аспектілерін талқылайды», - деді ол.

Оның айтуынша, саяси консультациялардың кезекті раунды Қазақстан мен Иранның сыртқы саяси ведомстволары арасындағы байланыстарды үйлестіруді кеңейтуге және нығайтуға, сондай-ақ ынтымақтастықтың жаңа перспективалық бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.

«Сонымен қатар, сапар барысында Мұхтар Тілеуберді Иранның Сыртқы істер, Жол және қала құрылысы, Индустрия, кен және сауда, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрліктерінің басшылығымен екіжақты кездесулері жоспарлануда. Келіссөздер барысында қазақстандық өнімдерді Иранға экспорттау мәселелерімен қатар, екіжақты ынтымақтастықтың сауда, көліктік-логистика, ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі және басқа да салалардағы мәселелер талқыланады»,- деді Айбек Смадияров.

Айта кетейік, 2018 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымының жалпы көлемі 516,3 млн АҚШ долларын құрады. Соның ішінде, Қазақстандық экспорт көлемі 426,7 млн, ал Иран импорты 89,5 млн долларын болды.