Қазақстандық отбасының Анталияда шала туған сәбиі шетінеп кетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарлық отбасы Владимир Трощенко мен Елена Шевчукованың Анталияда шала туған шаранасы шетінеп кетті. Қазір сәбидің өлімі нақты неден болғаны анықталып жатыр. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов мәлім етті.
«Сәби кеше шетінеді. Біз ең алдымен оның ата-анасына хабар бердік. Бүгін Анталиядағы консулымыз бала туған клиниканың қызметкерлерімен бірге баланы Анталияда жерлеу мәселесімен айналысты. Сәбидің ата-анасы Түркиядан Қазақстанға оралмай тұрып, егер бала өмір сүре алмаса, оны сол жақта жерлеуге рұқсаттарын берген», - дейді Ә.Жайнақов.
Павлодарда тұратын Владимир Трощенко мен Елена Шевчукова маусым айының ортасынан аса өздеріне сыйлық ретінде табысталған жолдама арқылы Анталия қаласына демалуға аттанған болатын. Бірнеше күннен кейін Еленаның денсаулығы күрт сыр беріп, ол аурухана түскен. 23 маусым күні ананы аман алып қалу үшін түрір дәрігерлері толғақ шақырып, салмағы 750 грамдық ұл бала дүниеге келеді.
Өте әлсіз сәбиді ауруханадан шығару үшін оның салмағы кемінде 2 келіге жетуі керек еді. Ол үшін дәрігерлер шамамен 2 ай уақыт керек деп тапқан. Ал, баланың клинакада жатқан әрбір күні үшін 900 доллар қажет болған. Егер Анталиядағы Қазақстанның консулдары іске араласып, барлық дипломатиялық шараларды қолға алмағанда, Елена мен оның зайыбы күніне 3 000 долларға жуық қаржы төлеуі тиіс еді. Еленаның емделген әр күніне де мол қаражат керек болған соң, отбасы сәбилерін Анталия клиникасына аманат етіп, өздері қаржы табу үшін Қазақстанға келеді. Өкінішке қарай, кеше ол отбасының үміті үзілді.
«Мен сәбидің әкесімен сөйлестім. Ол баланы сол жақта жерлеуге рұқсат бергендерін тағы бір рет растады. Қаражаттан қиындық көріп отырғандықтан, өздері жерлеуге қатыса алмайтынын айтты», - деп түйіндеді сөзін Ә.Жайнақов.