Қазақстандық палуан жастар арасында өткен Азия чемпионатынан «күміс» ұтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Грек-рим стилі бойынша қазақстандық палуан Алпамыс Дастанбек Тайпейде өткен Азия чемпионатында 50 келіге дейінгі салмақ санатында күміс медаль иегері атанды, деп хабарлады Sports.kz.
Бірінші айналымда, 1/4 финалда ол жапондық палуанмен кездесіп, 2:1 есебімен ұтты. Жартылай финалда үндістандық қарсыласын жеңді. Өкінішке орай, финалда ирандық спортшыдан 1:3 есебімен жеңіліп қалды.
120 келіге дейінгі салмақта елдің намысын Антон Савенко қорғады. Чемпионат кезінде Антон жарақат алып, өз деңгейінде айқас көрсете алмай, жүлдесіз оралды.
Сондай-ақ Тайпейде қыздар арасында жарыс болды. 67 келіге дейінгі салмақта Валерия Гончарова Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Жартылай финалда Валерия Гончарова өзбек спортшысын ұтты, қола медаль үшін айқаста кілем иесімен кездесіп, мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
Несібелі Естаева (44 келі) бірінші айналымда жапондықтан жеңілді. Диана Каюмова (51 келі) өзбекстан спортшысына есе жіберді. Назира Аманжолова (59 келі) бірінші кездесуде қытайлықтан ұтылып, кейіннен жұбаныш кездесуда үндістандықтан жеңілді.