Қазақстандық палуандар дүбірлі додаларда бақ таластырады

АЛМАТЫ. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - Ресейдің Красноярск қаласында 25-27 қаңтар күндері еркін күрес пен әйелдер күресінен Бірінші «Иван Ярыгин» Голден Гран-При жарысы өтеді.

Қазақстандық палуандар дүбірлі додаларда бақ таластырады

Онда ел намысын қорғауды әйелдер күресінен құрама бапкері Гүзел Манюрова - Зульфия Яхъярова, Татьяна Аманжол (51 кг), Ақзия Даутбаева (55 кг), Екатерина Ларионова (63 кг), Зарина Құнанғараева (67 кг) мен Эльмира Сыздықоваға (72 кг) тапсырмақ. Ал еркін күрес шеберлерін бұл додаға жаттықтырушылардан Руслан Өміралиев пен Асқар Әбдірашев бастап барғалы отыр. Бапкерлер алқасы құрама сапынан бұл додада - Ғабит Төлепбай, Расул Калиев (55 кг), Дәулет Ниязбеков, Азамат Өміржанов (60 кг), Дәурен Жұмағазиев (66 кг), Олжас Шыңғысбаев, Нұрлан Бекжанов, Леонид Спиридонов (74 кг), Семен Семенов, Ислам Азизов, Асла Кахидзе (84 кг), Әлихан Жұмаев (96 кг) пен Дәулет Шабанбайға (120 кг) үміт артуда. Онда 25-і күні әйелдер күресінен 51,59, 67, еркін күрестен 55 пен 74 келі салмақтағы палуандар белдеседі. 26-сы күні әйелдер күресінен 48, 55, 63, 72, еркін күрестен 60 пен 66 келідегі, ал 27-і еркін күрестен қалған 3 салмақтағы (84, 96 және 120 кг) спортшылар күш сынасады.

АҚШ-тың Колородо-Спиринс қаласында 31 қаңтар мен 2 ақпан аралығында Дейв Шульц мемориалы өтеді. Олимпиада және Әлем чемпионын еске түсіруге арналған бұл халықаралық турнир 1999 жылдан бері дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылады. Биыл 20-дан астам елдің спортшылары қатысатын бұл дүбірлі додада ел намысын еркін күрес шеберлері толық құрамда қорғамақ. Олар - 55, 60, 66, 74, 84, 96, 120 келі салмақтағы Алпамыс Супиғалиев, Руслан Сексенбаев, Ақжүрек Таңатаров, Мейіржан Аширов, Біржан Бегалиев, Бақтияр Сұлтанбек пен Нұрсултан Найзабеков. Бұл балуандар 1 ақпан күні белдеседі.

Онда өткен жылы жарыс қожайындарынан Скотт Колеман (60 кг), Джордан Борроуз (74 кг), Раймонд Джордан (84 кг), Дом Бредли (120 кг) жеңімпаз атанды. Ал қонақтардан үндістандық Амид Кумар (55 кг) мен Сушил Кумар (66 кг) және ресейлік Шамиль Ахмедов (96 кг) үздік шыққан еді.