Қазақстандық парашютистер Дубай аспанында

Жарыстар қаланың танымал туристік аудандарының бірі - «Дубай Маринада» өтті. Әмірліктердің көптеген қонақтары мен жергілікті тұрғындар БАӘ-нің 41 жылдығымен тұспа-тұс келген жарыстың салтанатты ашылуын тамашалай алды. Жарыстар барысында спортшылар «Пальма Джумейра» жасанды аралының үстінен бір шақырымнан астам биіктікте секіріп, «Скайдрайв» кешеніне қонды.
Қазақстан спортшылары «қарғу дәлдігі», «фристайл» және командалық біріншілік кезеңдерінде өнер көрсетті. Анағұрлым жақсы жетістіктерге қазақстандық қыздар қол жеткізді.
Мәселен, Бибігүл Рамазанова «қарғу дәлдігі» сайысында он үшінші орынды және «фристайлда» жиырма төртінші орынды иеленді. Командалық біріншілікте қазақстандық қыздар тоғызыншы орынға табан тіреді.
Ерлер арасындағы жарыста қазақстандықтар үшінші ондыққа жайғасты. Анағұрлым жоғары нәтижені дара «фристайлда» отыз екінші орын иеленген Вячеслав Ли көрсетті. Отандасымыз Юрий Сабад отыз алтыншы орынды місе тұтты. Ал командалық біріншілікте қазақстандық парашютистер жиырма екінші орынды қанағат тұтты.