Қазақстандық парламентарийлер Санкт-Петурбургте ТМД ПАА отырысына қатысты

САНКТ-ПЕТЕРБУРГ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева бастаған қазақстандық парламентшілер Санкт-Петербургтегі ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің отырысына қатысты. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі хабарлады.

Қазақстандық парламентарийлер Санкт-Петурбургте ТМД ПАА отырысына қатысты

Отырыстың басында ТМД ПАА төрағасы Валентина Матвиенко Сенат басшысын жоғары лауазымға тағайындалуымен құттықтады.

«Құрметті Дариға Нұрсұлтанқызы, сіз екеуіміз Кеңес құрамындағы ерлердің монополиясын аз да болса бәсеңдеттік», - деп қалжыңдады В.Матвиенко.

«Жауапты лауазымыңызда Сізге табыстар тілеймін, бірлесе қызмет атқара берейік», - деді ол.

Отырыс қатысушылары ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 19 сәуірде Санкт-Петербург қаласында өтетін 49-шы Жалпы отырысының күн тәртібінің жобасын қарады. Сондай-ақ ұйымға мүше елдерде соңғы кездері өткен сайлауларды мониторингілеуге ТМД ПАА-ның халықаралық бақылаушыларының қатысу мәселесі талқыланды.

Сондай-ақ «Сайлау институты - жариялы билікті легитимдеу тетігі ретінде» халықаралық конференциясына дайындық барысы сөз болды.

Кеңес мүшелері ТМД мемлекеттерінде терроризмге қарсы іс-қимылдарды құқықтық қамтамасыз ету туралы ақпаратпен танысып, ТМД ПАА жанындағы Бақылаушы мәртебесі туралы ереженің жобасын қарады.

Шара соңында Кеңес мүшелері ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 2018 жылғы қызметін қорытындылап, алдағы кезеңге ТМД-дағы модельді заң шығарушылықтың перспективалы жоспарының жобасын құру мәселесін талқылады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Сенат басшысы және Қазақстан делегациясының мүшелері ТМД ПАА іс-шаралары аясында өткізіліп жатқан Халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі конференцияға қатысқан болатын.

Авторы Медет Ахметов