Қазақстандық полицейлер ірі есірткі саудагерлерімен күресті жандандырулары керек - Т. Симамбаев
АНА. 15 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстандық полицейлер ірі есірткі саудагерлерімен күресті жандандырулары керек.
Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің кеңейтілген отырысында «Есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл шаралары туралы» заң жобасын талқылау барысында сенатор Тасбай Симамбаев осылай мәлім етті.
«Елімізде жұртшылықтың басым бөлігі есірткі барондары - жоғары қызметтегі азаматтар арасында жүр деп біледі. Ондай есірткі барондары әлгі жоғары лауазымды азаматтармен араласып тұрады, алайда оның есірткіге қатысы бар екендігін қарапайым азаматтар да біледі», - дейді Т. Симамбаев. Бұл ретте сенатор есірткі бизнесіне қарсы күрес шеңберінде тек ұсақ саудалаушылар ғана ұсталып жатқанын тілге тиек ете отырып, нақты есірткі барондарының ұсталғаны туралы ақпарат болмағандығына назар аудартты. «Еуропа мемлекеттері мен Ресей Қазақстан арқылы өтетін есірткі трафигіне де алаңдаушылық білдіреді. Олар да құқық қорғау органдары арасынан есірткі саудасына қатысы бар тұлғалар туралы айтады. Жалпы, қазақстандық полицейлерге АҚШ, еуропа елдері органдарынан үлгі алулары керек. Бұл елдерде есірткі бизнесімен күресте аяушылық жоқ», - деді Т. Симамбаев.