«Қазақстандық сәбилер емі бар аурулардан шетінемеуі керек» акциясы өтуде

АЛМАТЫ. Мамырдың 8-і. ҚазАқпарат /Таңжарық Ілиясұлы/ - Қазақстанда жыл сайын жүрек ақауымен 3000-ға жуық сәби дүниеге келеді.

 «Қазақстандық сәбилер емі бар аурулардан шетінемеуі керек» акциясы өтуде
Олардың 10-15 пайызы ғана бір жасқа дейін өмір сүреді. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында медицина мамандары айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Қазақстанда жүрек ақауымен туылған, салмағы 12-15 киләға дейінгі балаларға операция жасайтын клиника жоқ. Елімізде бүгінде 5000-ға жуық сәби операция жасауға кезек күтуде. Осыған дейін туа бітті жүрек ақауы бар 115 сәбиге шетелдік клиникаларда операция жасалған», дейді ҚР Қайырымдылық қорлары қауымдастығының өкілі Әсел Ізбасарова. Оның айтуынша, бұл бағытта алғашқы шараларды қоғамдық емес ұйымдар бастап отыр. Мәселен «Mary Kay» компаниясы Сызғанов атындағы ҰҒХО балалар кардиореанимациясына арналған медициналық жабдықты қайырымдылық көрсету мақсатында сатып алып беру жобасын бастады. Мамандар бұл көмек арқылы келесі жылдың басына қарай жүрек ақауымен туылған балалардың өміріне сәл де болса араша түсе аламыз дейді. Біз бұл мәселеге биліктің назарын аударуымыз керек, ол арқылы жас өмірлерді құтқару үшін біз осы проблема туралы жай ғана айтып қоймай, үлкен шараларды қолға алуымыз қажет, деді баспасөз мәслихатына қатысушылар. Олардың айтуынша, «қазақстандық сәбилер емі бар аурулардан шетінемеуі керек» атты акция арқылы бұл мәселені шешуді жалғастырмақшы.