Қазақстандық самбошы Ерболат Байбатыров әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Болгария астанасы София қаласында самбодан өтіп жатқан әлем чемпионатында батысқазақстандық палуан Ерболат Байбатыров күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандық самбошы Ерболат Байбатыров әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

«Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, Ерболат 57 кг салмақта финалда грузиялық самбошы Вахтанг Чидрашвилимен кілемге шықты. Ерболат Байбатыров осыған дейін төрт мәрте әлем чемпионы атанса, қарсыласы мұндай жеңіс тұғырына үш дүркін көтерілген еді. Бір-бірін жақсы білетіндіктен, бәсеке тартысты өтті. Екі ұпайға әдіс жасағаннан кейін грузин палуаны Ерболаттың қолын байлап, күреспей жүріп алды. Төреші оған ескерту беріп, қазақстандық палуанның еншісіне бір ұпай жазылғанымен, бұл жеңіс үшін жеткіліксіз еді. Сөйтіп В.Чидрашвили 2:1 есебімен ұтып, ол да Ерболат сияқты әлемнің төрт дүркін чемпионы атанды.
null 
Дегенмен соңғы жылдары әлем біріншілігінің жүлдесі бұйырмай жүрген отыз жастағы Ерболат Байбатыров үшін  күміс медальдің өзі үлкен жетістік деуге болады. Оның финалға барар жолы оңай болған жоқ. Алғашқы белдесуінде әлем чемпионаттарында жүлде алып жүрген ресейлік Аймерген Аткуновты, содан кейін тәжік палуанын тізе бүктірген Ерболат кеше басталған осы додада Қазақстан қоржынына алғашқы медальді салды. Тағы екі батысқазақстандық палуан Қазбек Сұпығалиев пен Темірлан Ихсанғалиев әскери самбодан 62 және 82 кг салмақта қола жүлдені иеленді.
 null

Айта кетейік, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Райымбек Меңдіғалиев баптайтын полиция аға лейтенанты Ерболат Байбатыров БҚО ішкі істер департаментінде қызмет етеді. Ол биыл Кстово (Ресей) мен Тбилиси қаласында өткен халықаралық турнирлерде күміс жүлдегер атанып, әлемдік додаға жолдама алған еді. Тбилисиде финалда дәл осы В.Чидрашвилиге есе жіберген болатын.