Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстандық самбошы ҚР Президенті жүлдесі үшін жарыстың жеңімпазы атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ҚР Президентінің жүлдесі үшін самбодан ерлер, әйелдер арасында халықаралық турнирдің алғашқы күнінің жеңімпаз-жүлдегерлері белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық самбошы ҚР Президенті жүлдесі үшін жарыстың жеңімпазы атанды

Халықаралық самбо федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, қазақстандық палуан Әбдіхамит Әбдіразақов 52 кг салмақта чемпион атанды.

Сондай-ақ 62 кг салмақта финалда ресейлік Михаил Дияновқа жол берген Асылжан Ғайсаев күміс жүлдеге ие болды. 100 келіден жоғары салмақта Олжас Шынкеев күміс, Ермек Итқұсов пен Ертуған Бақыткелді қола жүлдені еншіледі. Еркебұлан Қалеш 90 кг салмақта үшінші орынға көтерілді.

Әйелдер арасында Айжан Жылқыбаева 48 кг, Аққал Өтебек пен Гүлдерайым Әлмағамбет 64 кг, Нұрғаным Тұршабек 80 келіден жоғары салмақта қола жүлдегер атанды.

Әскери самбодан 52 кг салмақта Еркебұлан Қуанғалиев күміс жүлдеге қол жеткізсе, Нұркен Домбаев пен Әнуар Кәрібаев үшінші орынға ілікті.

Сонымен қатар Абзал Әбілдашев 62 кг, Рауан Манасов 74 кг, Аманжол Сайтенов 100 келіден жоғары салмақта екінші орыннан көрінді.

Нұрбол Құрбан мен Қуаныш Аязбаев 90 кг салмақта үшінші орынға табан тіреді.

90 кг салмақта күрескен батысқазақстандық Еркебұлан Қалештің бапкері Талғат Балмағамбетовтің айтуынша, шәкірті ресейлік спортшыға есе жібергенімен, содан кейін тәжік, өзбек палуандарын айқын басымдылықпен ұтты. Еркебұланның салмағы негізі 82 кг болғанымен, 90 келі салмақта жақсы күресіп, жүлдеге ілікті.

Айта кетейік, әлем кубогы кезеңі болып есептелетін халықаралық жарыс 1 шілде күні мәреге жетеді.

Батыс Қазақстан облысынан 57 кг салмақта кілемге Сырым Мейірманов пен Болатбек Райымқұлов шығады.