Қазақстандық сарбаздар «Достастық жауынгері» байқауында суырылып алға шықты (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Отар» 40-ыншы әскери базасында өтіп жатқан достас армиялардың әскери қызметшілері арасында өтіп жатқан «Достастық жауынгері» VII халықаралық байқауының екінші сайыс күні аяқталды.
Бұл туралы ҚР Қорғанысы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей Федерациясы және Тәжікстан әскери қызметшілері үш байқау бойынша жарысты. Атап айтсақ, «Атлет» сайысы - 100 метрге жүгіру, ер азаматтар белағашта біріктірілген күштік жаттығуларды, ал қыздар күштік жаттығулар жиынтығын орындау. «Мерген» жарысы - АК-74 тексеру және қалыпты ұрыс күйіне келтіру, бақылау атыс жаттығуы және әскери-спорттық атыс. «Кәсіпқой» сайысы - Кедергі жолағын игеру, жалпы әскери қорғаныс кешенін кию, суық қару лақтыру және нысананы дәлдеу.
Екі жарыс күнінің қорытындысы бойынша ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерінен құралған топ алда келеді. Екінші күні қазақстандық әскери қызметші ер-азаматтар арасында басым түсіп: 1 орынды - 97616 әскери бөлімінің взвод сержанты, сержант Орынбек Сандыбеков (153,1) жеңіп алса, екінші орынды 68665 әскери бөлімінің сержанты, аға сержант Рустем Сәтжанов (152,7), үшінші орынды 03811 әскери бөлімінің топ сержанты, аға сержант Әміржан Маушев (145,0) еншіледі. Әскери қызметші қыз-келіншектер арасында 20-дан астам ұпай санымен ҚР ҚК өкілдері алда келеді, атап айтсақ, 85510 әскери бөлімінің экспедиторы, кіші сержант Людмила Губарева (147,7) екінші орында - Беларусь Республикасының әскери қызметшісі 97020 әскери бөлімінің далалық байланыс торабы және АБҚ аға радиотелеграфисі, ефрейтор Анна Ковалевская (124,3) үшінші орынды - Ресей Федерациясының 22277 әскери бөлімінің байланыс взводы, радиостансаның радиотелеграфисі Елена Луткова (108,8) иеленді.
Жалпы командалық есеп бойынша бірінші орын - 598,5 ұпаймен Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерінің, екінші орын 496,8 ұпай санымен Беларусь Республикасының, ал үшінші орын 491,3 ұпай жинаған Ресей Федерациясының еншісінде. Бұдан кейінгі орындарға Қырғызстан (418,3), Армения (377,5) және Тәжікстан (179,6) Республикалары иеленді.
19 тамыз күні соңғы «Атлет» - 1 000 және 3 000 метрге жүгіру және «Кавалер/Сударыня» (Қыз/жігіт) әдеби-шығармашылық жарыстары өтсе, 20 тамыз күні Астана қаласының Бейбітшілік пен келісім сарайында байқау жеңімпаздарын салтанатты марапатау рәсімі мен қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт болады.