Қазақстандық саяхатшылар мен демалушылар жаңадан ашылатын әуе рейсі арқылы Ыстықкөлге аптасына екі рет ұша алатын болады

АЛМАТЫ. 4 шілде. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - ЮСАИД-тің қолдауымен алғаш рет «Алматы-Тамчы» тікелей әуе рейсі ашылады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында хабарланды.

Қазақстандық саяхатшылар мен демалушылар жаңадан ашылатын әуе рейсі арқылы Ыстықкөлге аптасына екі рет ұша алатын болады

«Әуе рейсі аптасына екі рет, дүйсенбі және бейсенбі күндері қатынайтын болады. Барлық туристік маусым барысында біз осы бағдарламаны ұстануға тырысамыз. Рейсті «Скат» әуе компаниясы 46 орындық «АН-24» ұшақтары арқылы орындайтын болады. Бұл әуе рейсі Қазақстан мен өзге де алыс-жақын шетелдік туристердің Ыстықкөлде алаңсыз демалуы үшін жасалынып отыр»,-деді «Компас-Қазақстан» агенттігінің атқарушы директоры Инна Дораш.

«Біз осыдан бір сағат бұрын осы рейспен Тамчыдан Алматыға келдік. Рейс те, ұшақ та өте ыңғайлы», - деді «Муза: туризм және саяхат» туристтік агенттігінің директоры Мирәлі Мұхамедиев. Оның айтуынша, ЮСАИД жобаның маркетингтік бөлігін қаржыландырған. «Қалған шығындарды біздің және «Компас-Қазақстан» агенттігі қолға алды. Бортты біз жалға алдық, арнайы кестені жасап, турпакеттерді, қонақ үйлер мен тамақтану жағын ұсынатын боламыз. Барып, қайтуға билеттің құны - 33 мың теңге. Жазғы маусымның соңына дейін біз 18 рейсті жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз», - деді ол.

«Бәйтерек» туристік агенттігінің өкілі Раушан Сартаеваның айтуынша, ұшу ұзақтығы - бір сағат. «Туристер үшін ең басты фактор - уақыттың үнемділігі. Осы жылғы жазғы маусымның бірінші айы Ыстықкөлге келушілер санының артқандығын көрсетіп отыр. Бүгінде туристер үшін үлкен мәселе - шекарада үш-төрт сағаттай тұрып қалу болып отыр. Сондықтан, қазірдің өзінде бізге тамыз айына өтініштер жақсы келіп түсуде», - деп атап өтті ол.