Қазақстандық саяси партия жалпыұлттық сауалнама жүргізуде
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы «Ел аманаты» атты жалпыұлттық сауалнаманы бастады. Ол туралы партия төрағасының орынбасары Төлеутай Рақымбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Аманат» сөзі қазақ халқы үшін киелі болып есептеледі. Аманатты қабылдаған адам уәде берді деген сөз. Бұл жобаның мақсаты - бүгінгі таңда азаматтарымызды, жалпы қоғамды толғандыратын маңызды мәселелерді анықтау. Яғни жалпыхалықтық сауалнама арқылы әр азаматты толғандыратын саяси-әлеуметтік, экономикалық және басқа да проблемаларды айқындау. Әрине әр сала бойынша шешілуі тиіс түйіткілді мәселелер жеткілікті. Біз солардың арасынан ең маңызды деген 15 мәселені сауалнамаға енгіздік«, - деді Т. Рақымбеков.
Оның айтуынша, жалпыұлттық сауалнамада денсаулық, білім беру, жер, халықтың әлеуетін көтеру және тағы да басқа салалар қамтылған.
«Сауалнамаға барлық қазақстандықтар қатыса алады. Егерде тұрғындардың айтқысы келген мәселесі сауалнама ішінде қамтылмаған болса, ол мәселені өз атынан енгізе алады. Тұрғындар сауалнамаға өзіне ыңғайлы түрде жауап бере алады. Атап айтқанда, партияның сайты арқылы, әлеуметтік желілер арқылы (Facebook, WhatsАpp, Instagram, Telegram, Twitter), қажет болған жағдайда қағаз түрінде де жауап беру мүмкіндігі бар. Сауалнаманың нәтижесінде біз әр салаға қатысты мәселелерді анықтап, сол бойынша одан әрі жұмыс істейтін боламыз. Яғни қоғамдық ұйым ретінде халық көрсеткен түйткілді мәселелерді құзырлы органдарға сауал жіберу арқылы шешімін іздестіреміз», - деді ол.
2020 жылдың 24 қыркүйегінде басталған «Ел аманаты» жалпыұлттық сауалнама 25 қазан күні аяқталады.
Айта кетсек, бұған дейін хабарлағанымыздай «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Төлеутай Рақымбеков Ақмола облысы, Бұланды ауданы, Қараөзек ауылының ел-жұртымен кездесті. Жүздесу барысында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды.