Қазақстандық сайлаушылардың құқықтық сауаты жетіліп келеді - Заңгерлер одағы
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның 17 өңірінде үш мыңға жуық заңгер сайлау учаскелеріндегі жағдайды бақылады. Бұл туралы Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Үш мыңға жуық заңгерлер Қазақстанның 17 өңіріндегі сайлау учаскелерінде болды. Өңірлік өкілдердің алдын ала бағамдауы бойынша, Қазақстан Президенттігіне сайлау барлық заңнамаға сәйкес жүргізілді», - деді С. Ақылбай «Заңгерлер әділ сайлау үшін» қоғамдық бірлестігінің баспасөз брифингінде.
Оның айтуынша, кезектен тыс сайлау өткізу туралы хабарланған сәттен бері қоғамдық бірлестік сайлаушыларды толғандырған ең өзекті мәселелер бойынша бес ақпараттық бюллетень таратқан.
«Біздің ұйым барлық сайлауға қатысады. Ұйымның басты міндеті - сайлау комиссиясының қызметін бағалау емес, консультациялық көмек көрсету. Сайлаушыларды құқықтық тұрғыда ағартушылықпен айналысамыз. Егер сайлаушы өз құқықтары мен міндеттерін жақсы білсе, сайлау әділ әрі ашық өтеді. Сайлау процесінде барлық кедергілер дауыс берушілердің өз құқығын білмеуінен туындайды. Сондықтан интернеттен және қоғамнан ең өзекті сұрақтарды іріктеп алып, 5 баспасөз мәслихатын өткіздік», - деп атап өтті одақ басшысы.
Спикер өткен жылдармен салыстырғанда сайлаушылардың құқықтық сауатының жақсарғанын және белсендірек бола түскенін жеткізді.
«Мұны әлеуметтік желілер мен қойылатын сұрақтардан байқауға болады. Кейде өзіміз тығырыққа тіреліп қалатын сұрақтар кездеседі. Бұл біздің құқықтық мемлекетке қарай келе жатқанымызды білдіреді. Сайлау қоғамның қаншалықты дамығанын көрсететін процесс», - деді Серік Ақылбай.