Қазақстандық «Шал» фильмі «Оскар» сыйлығына ұсынылды

Кинокартина әлемнің 76 елінің кинорежиссерлерінің жұмыстарымен сынға түседі. Олардың арасында Федор Бондарчуктың «Сталинград» фильмі де бар. Америка киноакадемиясының сайтында жарияланған үміткерлердің арасында танымал кино шеберлері Данис Танович, Томас Винтерберг, Анджей Вайда мен Конг Кар-Вай бар.
«Шал» картинасы Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» повесінің желісі бойынша түсірілген. Мұнда шалғайдағы далада өмір сүретін құрамында шал, немересі және келіні бар қарапайым отбасы жайлы баяндалады. Олар тіршіліктегі маңызды шындықты жоғалтып алмау үшін бір-бірін кешіре біліп, көрегенділік көрсетулері керек. Түйткілге толы өмірде адами ғұмыр кешіп, немересіне өмірдің басты құндылықтарын жеткізіп үлгеруі тиіс.
Еске сала кетейік, «Шал» фильмі 2012 жылдың 11-ші қазанында шығып, көрермендер оны жылы қабылдаған болатын. Сол жылдың қараша айында картина «Жыл таңдауы» сыйлығының «Жыл фильмі» аталымына ие болды. Ал актер Ерболат Тоғұзақов «Алтын Адам» алтын мүсінінің иегері атанды. 2013 жылдың қыркүйегінде «КиноШок-2013» ашық фестивалінің Гран-при жүлдесіне ие болса, актер Ерболат Тоғұзақов үздік ер адам бейнесі үшін марапатталды.
2010 жылы Ермек Тұрсыновтың «Келін» картинасы «Оскар» сыйлығының шорт-парағына енгізілді.
«Оскар» сыйлығын салтанатты табыстау рәсімі 2014 жылы 2-ші наурызда Лос-Анджелесте өтеді.