Қазақстандық шаруалардың экспорттық мүмкіндіктері кеңейтілуде
АСТАНА. 23 қазан. ҚазАқпарат - «ҚазАгро» Ұлттық Холдингі Ресей нарығына қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерін жеткізу мақсатында трейдинг компаниясын құрды.
Жаңа компанияның қызметіне қазақстандық кәсіпорындардың мал шаруашылығы өнімдерін өткізуде экспорттық бағытын анықтау және тасымалдау, сонымен қатар бірыңғай бренд атауымен етті экспорттаудағы маркетингтік саясатты қалыптастыру шаралары кіреді.
Бүгінгі күні, «ҚазАгро» холдингі тарапынан қаржыландырылған отандық кәсіпорындар өз өнімдерін ресейлік нарыққа табысты жеткізуде. Соның ең ірілері - Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Ордабасы құс» ЖШС күркетауық ет өнімдерін шығаратын кешен бүгінгі таңда Ресейге 2 мың тонна құс еті өнімдерін жеткізеді, сонымен қатар, Мәскеу мен Саратов облысына тоңазытылған етті жеткізу шартын жасаған Батыс Қазақстан облысындағы «Crown Батыс» ЖШС бордақылау алаңы.
Ет өнімдерін арттыру және экспорттау жобасына жаңа серпін беру мақсатында «ҚазАгро» Ұлттық Холдингі мал шаруашылығы кластерін құрған болатын. Аталған кластер қазақстандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен қайта өңдеу кәсіпорындарының сапалы мал шаруашылығы өнімдерін ұлғайтумен бірге, ішкі нарықты толтыру, экспорт саласын ұйымдастыру бағытындағы күштерін біріктіру жұмыстарын атқаратын болады. Бұл туралы «КазАгро» ҰБХ баспасөз қызметінен хабарлады