Қазақстандық шекарашылар Каспий теңізінен 14,5 км браконьерлік ауды алып шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен тәулік ішінде Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің «Жағалу күзеті» өңірлік басқармасының теңіз шекарашылары Каспий теңізіндегі мемлекеттік шекараны күзету барысында 14500 метр браконьерлік ау, 10 000 метр каладты (ілмектері бар арқан) тауып, оларды жинап алды, сондай-ақ олардан 43 теңіз жәндігін босатты, деп хабарлады ведомство баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, «Сақшы» катерінің шекарашылары 14 желтоқсан күні 12 сағат шамасында Каспий теңізінің бетінен 10 000 метр каладты жинап, одан 5000 дана ілмекті алды.
Осы күні 13:00-де «Атырау» катерінің шекарашылары теңіз бетінен 500 метр ауды жинап алды.
Ал шекара катерлерінің ішінде ең олжалы болғаны «Жеңіс» катері болды. Олар бір күн ішінде 14000 метр браконьерлік ауды жинап, одан 37 бекіре тұқымдас балықты, 5 итбалықты босатты.
Барлық деректер бойынша құқыққорғау органдары хабарландырылды.