Қазақстандық шекарашылар құс еті мен шаяндарды заңсыз алып өтпек болғандарды ұстады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен тәулік ішінде қазақстандық шекарашылар жүктерін контрабандалық жолмен шекара асырмақ болған қазақстандық екі азаматты ұстады, деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен.

Қазақстандық шекарашылар құс еті мен шаяндарды заңсыз алып өтпек болғандарды ұстады

Атап айтқанда, «Қарасу-авто» бақылау-өткізу бекетінде (қазақ-қырғыз шекарасы) 18 қараша күні сағат 23.40 шамасында 1989 жылы туылған Бақтияр есімді Қазақстан азаматы ұсталды. Оның «Ауди-100» көлігін қарау кезінде жүк салғышынан салмағы 50 келі болатын үйрек еті табылды. Жүргізуші оған қатысты ілестірме құжаттарын көрсете алмады. Ұстау материалдары Жамбыл облысының Қарасу кентіндегі ветеринарлық қызметке берілді.

Сондай-ақ еліміздің батысындағы «Шыңғырлау теміржол» бақылау-өткізу бекетінің (Қазақстан-Ресей шекарасы) шекара наряды осы жылдың 19 қарашасы күні түнгі 02.26 шамасында №058 «Орал-Астана» бағытындағы жолаушылар пойызына шекаралық бақылау жүргізді. Бақылау барысында «Вера» есімді 1963 жылы туылған Қазақстан азаматшасының салмағы 30 келі болатын тірі шаяндарды жасырын әкетіп бара жатқаны анықталды. Шаяндардың алдын ала есептегендегі бағасы 30 000 теңге болып шықты. Су жәндіктерін заңсыз ұстағаны үшін жолаушы заң алдында жауап беретін болады.

Ұстау материалдары Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының ішкі істер бөліміне берілді.