Қазақстандық шекарашылар шекараны заңсыз кесіп өткен 53 өзбекстандықты ұстады
АСТАНА. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат - Жетісай отрядының шекарашылары қыркүйектің 16-сында «Мырзакент» заставасының учаскесінде шекараны заңсыз кесіп өткен Өзбекстанның 53 азаматын ұстады,
деп хабарлайды ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінен.
Өзбекстан азаматтары Қазақстан жаққа жаяу жеткен. Олардың барлығы өткізу бекетін айналып, шекарадан заңсыз өткен. Ұсталғандар Мақтарал аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлеріне берілді.
Сол күні қордайлық шекарашылар «Бетқайнар» заставасының учаскесінде Қырғызстаннан 14 ірі қара мал айдап келе жатқан Қазақстанның екі азаматын ұстады. Ал «Жасыл төбе» заставасының учаскесінде Қырғызстаннан 5 жылқы мен 40 бас ірі қара мал айдап өтпек болған Қазақстан азаматы ұсталды. Қазір аталған фактілер бойынша тексерулер жүруде.
Қазақстан-ресей шекарасында кеше «Жаңа жол-авто» шекарадағы бақылаушы петропавлдық бөлімнің наряды Ресейден автокөлікпен келе жатқан Ресей және Қырғызстан азаматтарын ұстады. Тексеру кезінде олардан декларацияланбаған ақша - 8 427 АҚШ доллары мен 350 мың ресейлік рубль табылды. Факті бойынша тексеру жүргізілуде.